Сейсмологтар Рудныйдағы жер сілкінісінің себебін түсіндірді

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Мамандар Қостанай облысында болған жер асты дүмпуінің себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетейік, 12 қараша күні Рудный қаласының тұрғындарына жер асты дүмпулері сезілді . 

Ресми мәлімет бойынша, жер асты дүмпуінің себебі сол ауданның сейсмикалық белсенділігінде болса керек. Қазақстан сейсмология институтының директоры Әнуар Боранбаев жер асты титаникалық плиталарының қозғалысы жер сілкіндіретінін айтып отыр.

Ал ұлттық деректер орталығының директоры Наталия Михайлованың сөзінше, дүмпудің нақты себептерін анықтау үшін арнайы экспедиция ұйымдастыру керек. Алайда, бұған қомақты қаржы жұмсалады. 

«Қостанайдағы бұл бірінші жер сілкінісі емес. 2004 жылы да Рудныйға жақын маңда 2 жерасты дүмпуі болды. Олардың күші 3-4 баллдан аспаған. Бұл жолы да 2 рет жер сілкінді. Бірақ, оның екіншісінің амплитудасы шамалы болып, дүмпуі сезілген жоқ. Қостанай облысының микросеймикалық жағдайын білу үшін жан-жақты зерттеу керек», - дейді Михайлова.