Шахан тұрғын үйіндегі жарылысты тергеу мерзімі ұзартылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Шахан елді мекеніндегі жылу қазандығының жарылу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу мерзімі ұзартылды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«ҚР ҚК 281-бабы, 2-бөлімі («Жарылыс қаупi бар объектiлерде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу, абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғу») бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу мерзімі үшінші айға созылды», - деп хабарлады Қарағанды облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.

Осылайша, қылмыстық істі тергеу наурыз айының соңына дейін жалғасады. Қазіргі уақытта зардап шеккендер мен куәгерлерден жауап алынуда, бірқатар сараптамалар тағайындалды.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 1 қаңтарда кешкі 22:40-та Қарағанды облысы Шахан елді мекенінде бес қабатты үйдің жертөлесіндегі жылу қазандығы жарылды. Салдарынан төртінші кіреберіс қирады. 9 адам мерт болып, екі адам - 32 жастағы Александр Галышев пен 11 жасар Елена Васильева жараланды. Бұған дейін әкімдік, энергетика басқармасы және ТЖ департаменті қызметкерлерінің Қарағанды облысындағы жеке қазандығы бар үйлерге кешенді тексеріс жүргізгені хабарланған еді. Бұл жұмыс бір айға созылып, 31 қаңтар күні аяқталды. Автономды жылыту жүйесі бар 688 нысан анықталды, олар - тұрғын үйлер мен мемлекеттік мекемелер. Жылыту маусымы аяқталған соң, азаматтардың қауіпсіздігі үшін барлық қазандықтар ғимараттардан тыс жерге шығарылады.