Шахматтан әлем чемпионы ChatGPT-ді ойсырата жеңді
АСТАНА. KAZINFORM — ChatGPT норвегиялық гроссмейстер Магнус Карлсеннен жеңілді. Бұл туралы 34 жастағы шахматшы әлеуметтік желіде хабарлады, деп жазады Kazinform тілшісі.
Гроссмейстердің айтуынша, сапар барысында зеріккен соң, ChatGPT-мен онлайн шахмат партиясын ойнауға шешім қабылдаған. 53 жүрістен тұратын онлайн партияда норвегиялық шахматшы жасанды интеллектіні ойсырата жеңіп, бірде-бір тасын жоғалтпаған.
Сондай-ақ, Карлсен жасанды интеллекттен өз ойынының деңгейін бағалауды сұраған. Чат-бот оның рейтингі FIDE немесе USCF жүйесі бойынша 1800–2000 шамасында деп болжаған. Алайда Карлсеннің нақты рейтингі бұдан әлдеқайда жоғары — 2839.
Шахмат қауымдастығы мен әлеуметтік желі қолданушылары чат-боттың бағасын әзілмен қабылдады.
Бұған дейін біз ChatGPT әлемдегі ең көп қаралатын бесінші сайтқа айналғанын жазған едік.