Шахмұрат Мүтәліп: Мектеп бағдарламасына боксты енгізу үшін ұсыныс әзірлеп жатырмыз

Фото: Дияр Бексұлтанов

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде боксты ұлттық спорт ретінде дамыту үшін 10 жылдық стратегиялық жоспар әзірленіп жатыр. Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат берген Қазақстан Бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп айтты.

- Спорт және туризм министрлігімен, өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармаларымен тығыз, үйлесімді жұмысты қолға алуымыз қажет. Бүгінде бұл жұмыс істелініп жатыр. Сонымен қатар алдағы 10 жылға арналған стратегиялық жоспар дайындалады. Боксты ұлттық спорт деңгейіне көтеру үшін инфрақұрылымды жаңғырту, өңірлерде спорт мектептерін ашу, оларды материалдық-техникалық жабдықтау, жаттықтырушыларды, төрешілерді дайындау жұмыстары қолға алынды, - деді Шахмұрат Мүтәліп.

Ол ауылдық жерлерде бокс мектептерінің тапшылығы байқалатындығын айтып, оны шешу жолын атады.

- Бүгінде елімізде 8 мыңнан астам мектеп бар. Сол мектеп бағдарламасына боксты енгізу туралы ұсыныс дайындап жатырмыз. Боксқа бұқаралық спорт ретінде қарайтын болсақ, негізі көп қаражат қажет етпейді. Материалдық-техникалық жабдығын, бәрін есептегенде көп ақша емес. Егер 8 мың мектепті қамтып, бағдарламасына енгізсек, онда бұл сұрақ шешімін табады, - деді федерация президенті.

Фото: Дияр Бексұлтанов

Айта кетейік, Англиядағы дүбірлі додада Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болған еді. 

Президент бокстан Әлем чемпионатында топ жарған боксшыларды құттықтады