Шахтинскіде зейнеткерлерді қатыгездікпен өлтірді деген күдікті ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шахтинскіде ерлі-зайыпты зейнеткерлерді қатыгездікпен өлтірді деген күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаланың 30 жастағы тұрғыны ұсталып, оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс қозғалды, тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қалған ақпарат құпия», - деп мәлімдеді Қарағанды облысы ІІД баспасөз қызметінің өкілдері.

Департаменттегілер Шахтинскіде болған ерекше ауыр қылмыс дерегі бойынша ҚР ҚК 99-бабының («Адам өлтіру») 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын айтты. Тергеу жөніндегі жедел топқа ІІД бастығының орынбасары басшылық етеді.

27 ақпан күні Мәскеу көшесіндегі пәтерлердің бірінен 73-74 жастағы егде адамдардың пышақтап тасталған денесі табылған болатын. Өлтірілгендердің көршілері ешқандай дыбыс естімеген, есіктің құлпы да бұзылмаған.

Ата-анасының мәйітін ұлы таныған. Қанды оқиға 25 ақпанда болған. Зейнеткерлердің өлтірілуі қала тұрғындарының жағасын ұстатқан.