Шала туған сәбилерге алғаш рет лазерлік ота жасалды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында шала туған нәрестелердің ретинопатиясы диагнозы бойынша алғаш рет екі сәбиге лазерлік коагуляция отасы жасалды.

Фото: Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы

Күрделі оталарды медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының жоғары санатты офтальмолог-дәрігері, «Әлемді көремін» жобасының жетекшісі Әсел Шәріпова жүргізді.

- Салмағы небәрі 506 және 715 грамм нәрестелерге жасалған ота пациенитердің көру қабілетін сақтап қалуға бағытталған. Лазерлік коагуляция – шала туған нәрестелердің ретинопатиясын емдеуде қолданылатын әдістердің бірі. Бұл тәсіл аурудың асқыну қаупін төмендетеді, - делінген орталық хабарламасында.

Өңірде алғаш рет жасалған мұндай оталар шала туған нәрестелерге көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің мүмкіндігін жаңа деңгейге көтереді.

Бұған дейін біз СҚО-дағы аудандық ауруханада күрделі кардиологиялық оталар жасалатынын жаздық.