СҚО-дағы аудандық ауруханада күрделі кардиологиялық оталар жасалады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша аудандық ауруханасы қайтарылған активтер қаражаты есебінен 1 млрд 250 млн теңгеге жаңғыртылып жатыр.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында аурухананың материалдық-техникалық базасы мен инженерлік инфрақұрылымы толық жаңаланды. Қабылдау бөлімі халықаралық талаптарға сай жабдықталып, заманауи клиникалық-диагностикалық зертхана ашылады. Қазірдің өзінде МРТ, КТ және ангиографиялық аппараттар орнатылған.
Мамандардың айтуынша, жөндеу жұмысы аяқталғаннан кейін аудандық ауруханада ми мен өкпе қан тамырларының, қолқаның ангиографиясы, коронарография және басқа да жоғары технологиялық медициналық оталар жүргізіледі.
— Кардиологиялық науқастарға толыққанды медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік бар. Операциядан бастап, кейінгі емге дейін барлық кезеңді қамти аламыз.
Диагностикалық мүмкіндіктеріміз де айтарлықтай күшейді. МРТ мен КТ аппараттарының көмегімен онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға болады, — дейді емхана меңгерушісі Одилжан Арзиматов.
Тайынша көпсалалы ауданаралық ауруханасына бүгінде 36 мыңнан астам адам тіркелген. Жаңғырту жұмыстары аяқталған соң аудан тұрғындарына күрделі диагностика мен ем алу үшін облыс орталығына немесе басқа қалаға барудың қажеті болмайды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы 2023-2026 жылдарға шақталған. Осы уақыт аралығында ауылдық жерлердегі медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жаңарту, сапасын арттыру және тұрғындарға қолжетімді жоспарланған.
Нәтижесінде 655 алғашқы медициналық-санитариялық нысан салынып, 1 млн астам ауыл тұрғыны медициналық көмекті тұрғылықты жерінен алу мүмкіндігіне ие болды.
Жобаның келесі кезеңі аудандық ауруханаларды жаңғыртуға бағытталған.