Шалғайда жатқан ауылдарға музейдің керегі бар ма
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті маңыздағы тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген 12 музей бар. Соның төртеуі — еліміздің белгілі ақын-жазушыларына арналған мемориалды мұражайлар.
Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың, қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтың, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың және жазушы-журналист Иван Шуховтың музейлері қоғам қайраткерлері туып-өскен ауылдарда жұмыс істеп тұр. Алайда олардың болашағы бұлыңғыр.
Шалғайдағы музейге баратын адам аз
Жангелді Тәжин — бірқатар белгілі ақын-жазушылардың, тарихи тұлғалардың кіндік қаны тамған, топырағы қасиетті Жамбыл ауданының тумасы.
Петропавлдағы ардагерлер кеңесін басқаратын зейнеткер туған жерге жиі баруға тырысады. Ал осыдан бірер жыл бұрын бір топ замандасын Газельге отырғызып алып, өңірдің көрікті жерлерін, соның ішінде шалғайда жатқан, адам аяғы жете бермейтін музейлерін де аралатты.
— Ақсақалдарды жинап, туристік маршрут құрып бардық. Арасында Ғабит-Сәбитті көзі көрген, талай дәмдес болған Қарақат Шалабаев, Амандық Жантеміров ағаларымыз да бар. Преснов елді мекеніндегі Иван Шухов музейінен бастадық, біздің келетінімізді естіп, арнайы дайындалған екен, ән-билетіп қарсы алды. Сәбит ауылы да одан қалмай, қазақтың ұлттық тағамдарын пісіріп, кең дастархан жайды. Музейді аралағаннан кейін, мектепте жиналып, естеліктермен бөлісіп, керемет кездесу болды. Ғабит музейіне де соқтық. Айтпағым, осылайша әдейілеп бармасаң жол түсе бермейді. Өйткені алыс, жолдары нашар, ал қыста қар алып қалғандықтан бару мүмкін емес, — дейді Жангелді Уақпанұлы.
СҚО әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, былтыр Сәбит Мұқанов музей-үйіне небары 385 адам келген.
Ғ.Мүсірепов музейін 626 адам тамашалаған екен. Ал аудан орталығы Пресновка елді мекенінде орын тепкен И.Шухов музейінде 1,5 мың адам болған.
Ауылдар құрып жатыр
Биыл 125 жылдық мерейтойы аталып өтетін Сәбит Мұқановтың атындағы ауылда небары бес үй, 10 тұрғын ғана қалған. Соңғы 25 жылдың ішінде адам саны жиырма есе қысқарып кеткен.
Ауылда қалған санаулы тұрғынның пікірінше, оның бір себебі — елді мекеннің облыс орталығынан шалғай жатуы. Петропавлға жету үшін 188 шақырымды 3 сағат жүріп өту қажет.
Ауылдың мал шаруашылығымен айналысуға қолайлы орналасуы да, құнарлы жер мен әсем табиғаты да, Сәбиттің ауылы деген атағы да халықты ұстап қала алмады.
— Музейден бөлек мектебіміз бар еді, ол да жабылып қалды. Енді біз де қозғаламыз. Сәбит атамыздың ауылы құрып бара жатқаны өкінішті, — дейді ауыл тұрғыны Елубай Мусин.
Ғабит Мүсірепов музей-үйі орналасқан Жаңажол ауылындағы жағдай Сәбит ауылымен салыстырғанда анағұрлым жақсы.
Майбалық ауылдық округі әкімдігінің мәліметінше, қазір мұнда 78 үй бар, 283 адам түтін түтетіп жатыр. Десек те, 2009 жылдан бері адам саны мұнда 200-ге қысқарған.
Әдебиет музейі ашыла ма?
Ғабит Мүсіреповтің музей-үйі де осы Жамбыл ауданында орналасқан. Жаңажол ауылында жазушы 1968-85 жылдар аралығында тұрып, еңбек еткен үйде 1992 жылы әдеби-мемориалдық музей ашылды.
Екі залдан тұратын мұражайда қазір 500-ден астам жәдігер бар. Жазушының шығармаларынан бөлек, көзі тірісінде ұстап, қолданған жеке заттары, бұйымдары, киім-кешегі, фотолары мен құжаттары сақталған.
Бірақ құнды дүние дұрыс сақталмай, жәдігерлердің күтім көрмей жатқандығы осыдан бірер жыл бұрын AMANAT партиясы Солтүстік Қазақстан облысық филиалы жанындағы Miras қоғамдық кеңесінің отырысында айтылды.
Кеңес мүшелері ауыл музейлерінің қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдіріп, Петропавлда бұрынғы С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының ескі ғимаратында Әдебиет музейін ашуды ұсынған еді.
Қоғам өкілдері Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов және жалпы барлық жерлес ақын-жазушылардың музейлерін облыс орталығына көшіріп, жеке заттарын бір жерге тоғыстыру жайында ой салды. Алайда бұл бастама қолдау таппады.
Қолдау керек
«Рух Тіл Жаңғыру» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әнуар Тоқпанның пікірінше, ақын-жазушылардың музейі олардың туған жерінде болғаны дұрыс.
Барған адам мұражайды ғана көріп қоймай, тұлғаны дүниеге әкелген қасиетті мекенді аралап, ауасын жұтып, табиғатын тамашалап қайтады.
— Ауылдағы музейлерге мемлекет тарапынан көмекті көбейту керек. Жөндеуге, жәдігерлерді күтіп-ұстауға, меніңше, кейде қаражат жетпей жатады. Жалпы өзім жұмыс бабымен де, отбасыммен де жылына кемінде бір рет осы музейлерге барып тұрамын, — дейді Әнуар Тоқпан.
Ауылдардағы мемориалды музейлерде негізінен 1-2 адам ғана жұмыс істейді. СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, былтыр өңірдегі 4 мемлекеттік және оның 8 филиалының керек-жарағына бюджеттен 67,5 млн теңге бөлінген.
Бұл қаражат қызметкерлердің еңбекақысын төлеуге, коммуналдық және басқа да қызметтерге жұмсалған.
2018 жылы облыстың экс-әкімі Құмар Ақсақалов игі бастаманы қолға алып, өңірдегі музейлерге кіруді тегін қылды. Бұл жоба өткен жылдың қазан айына дейін жұмыс істеді.
Бүгінде музейге кіру қайта ақылы. Облыстық музейлерде билет құны 300 теңге, студенттерге — 200, балаларға — 100 теңге. Аудандарда ересектер үшін 200 теңге болса, студенттер жарты бағасын төлеп кіреді. Балалар үшін билет 50 теңге тұрады.
Биыл мамандардың айтуынша, облыс бойынша «Қарасай-Ағынтай» мемориалды кешенінде ғана ғылыми-реставрация жұмысы жүргізіледі.
Жергілікті бюджеттен осы мақсатқа 200 млн теңге бөлінген. Ал басқа музейлерде жөндеу жұмыстары қарастырылмаған.
Сондай-ақ, ауыл музейлерін көшіру мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ.
Бұған дейін СҚО-да елді мекендердің 59 пайызында ғана мәдениет нысандары жұмыс істеп тұрғанын жазған едік.