СҚО-да елді мекендердің 59 пайызында ғана мәдениет нысандары бар

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында мәдениет нысандары жетіспейді.

мәдениет үйі
Фото: Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті

СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Санат Әубәкіровтың айтуынша, былтыр Ақжар, Есіл және Тимирязев аудандарында екі ауылдық клуб, екі мәдени-сауықтыру орталығы және бір мәдени-демалыс орталығы салынды. 

- Тұрғын саны 800-ден асатын ауылдық елді мекендерде мәдени-демалыс орталықтары болуы тиіс. Өңірде осындай 13 ауылда мәдени нысан жоқ. Мәселен Айыртау ауданының Имантау ауылында 1809 адам және Лобанов елді мекенінде 1096 адам, Аққайың ауданы Токуши ауылында 1681 адам, Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылында 1709 адам тұрады.

Осыған байланысты аудан әкімдіктері аталған елді мекендерде мәдениет нысанын салу мәселелерін шешуі қажет, - дейді басқарма басшысы.

Қазіргі уақытта Аққайың, Айыртау және Шал ақын аудандарында 5 мәдениет нысанын салуға және Жамбыл ауданында 2 нысанды қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжат әзірленген. Айыртау ауданы Имантау ауылында клубты салуға ғана 803,4 млн теңге қажет. 

Маманның айтуынша, қазіргі уақытта ауылдық жерде 262 клубтық ұйым жұмыс істейді, 215 мың адамды немесе ауыл халқының 80% қамтыған. 

Облыстың клубтық мекемелермен қамтамасыз етілуі 41,8%, оның 171 - мемлекеттік, 93 - басқа меншік нысандары.

- Бүгінде облыстың елді мекендерін мәдениет нысандарымен қамтамасыз ету - 59%. Мәдениет нысандарының санын көбейту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Былтыр салаға 14,4 млрд теңге бөлінді, биыл да шамамен сол межеде.

Екі жыл ішінде 46 мәдениет нысаны жөнделді. Биыл тағы 12-сін жөнге келтіреміз, тағы 6 нысан қосымша қажеттілікке енгізілген, - дейді Санат Әубәкіров.

Бұған дейін СҚО-да 350-ге жуық ауыл-көше атауы ауыстыруды қажет ететіндігін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар