Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, Шарын шатқалы әлем бойынша — 17-орынға, Қазақстан бойынша — 1-орынға тұрақтаған.
Миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан ғажайып жартастар, ерекше геологиялық құрылымдар мен қайталанбас табиғат көріністері арқылы танылған Шарын шатқалы халықаралық рейтингте жоғары бағаланды.
Worldworthy 100 — келушілердің пікірлері мен ұсыныстарын, журналистік зерттеулерді және ашық дереккөздердегі мәліметтерді ескере отырып жасалатын тәуелсіз редакциялық рейтинг. 2026 жылғы каньондар мен шатқалдар тізіміне 46 елден 100 нысан енгізілген.
— Worldworthy редакциясы «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне рейтинг лауреатының арнайы сертификатын жолдады. Бұл — Қазақстанның бірегей табиғи мұрасын әлемге танытатын қуанышты жаңалық әрі оны сақтау жолында еңбек етіп жүрген табиғат қорғаушылары үшін ерекше мәртебе! — делінген ведомство хабарламасында.
Осыған дейін Шарын ұлттық паркінде сирек кездесетін өзен кәмшаты фототұзаққа түскенін жазған едік.