Шарын шатқалында Қызыл кітаптағы сабаншы видеоға түсіп қалды

Фото: видеодан алынған скрин

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ресми парақшасында сабаншы (манул) мен оның күшігі түсірілген кадрлар жарияланды. 

Ерекше видео шатқал аумағындағы жабайы жануарларды жоспарлы бақылау кезінде түсірілген.

Парк мамандарының айтуынша, видео табиғаттағы мониторинг кезінде алынған. Кадрларда ересек сабаншы әуелі айналаны аса сақтықпен шолып шығып, қауіп жоқ екеніне көз жеткізеді.

Осыдан кейін тастардың арасынан оның күшігі шығып, енесіне қарай бет алады.

— Видеоға жабайы табиғаттағы ең сирек әрі әсерлі сәттердің бірі — сабаншының күшігімен қауышуы түсіп қалды, — делінген ұлттық парк таратқан ақпаратта.

Мамандар сабаншы мысық тұқымдасының ең сақ әрі көзге түсе бермейтін өкілдерінің бірі деп сипаттайды. Олар көбіне жеке тіршілік етеді, адамнан бойын аулақ ұстайды және әсіресе төлдеу кезеңінде көзге өте сирек шалынады.

— Сабаншыны табиғатта көрудің өзі — некен-саяқ жағдай. Ал оның күшігімен бірге түсуі — ғылым үшін аса құнды табыс, — дейді парк қызметкерлері.

Ұлттық парк өкілдері аналық сабаншының күшігімен бірге жүруі өңір экожүйесінің тұрақты екенін және сирек жануарлардың көбеюіне жағдай барын аңғартатынын атап өтті. Қазақстанда сабаншы Қызыл кітапқа енгізілген және мемлекет қорғауында.

Еске салайық, мұның алдында Алматы зообағы Оңтүстік Америкадан келген ерекше жануармен толыққанын хабарлаған едік.