Шаршау мен депрессияны шатастырып алмау үшін нені білу керек

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Бүгінде адамдар қандай стресстік факторларға жиі шағымданады және шаршау мен депрессияны шатастырып алмау үшін нені білу керектігі туралы психоанализ бағытындағы психолог Зарина Қаһарман айтып берді.

Фото: freepik.com

— Халықтың көбінде жиі кездесетін мәселелер: несиенің көптігі, тұрақсыз табыс, «ақша жетпей қалады» деген қорқыныш, көшіп-қону, жалғыздық, жан дүниедегі қақтығыстар, шамадан тыс жұмыс істеуден шаршау, болашаққа деген сенімсіздік, өзін басқалармен салыстыру және тағы басқа. Негізі стрестің өзі — мәселе емес, мәселе сол стреске деген қарым-қатынасыңыз. Мысалы, далада боран болса сіз оны тоқтата алмайсыз, бірақ далаға қалың киініп шыға аласыз. Сол сияқты стрестік жағдай болған кезде сол жағдайға бейімделе өмір сүре алу маңызды, — дейді Зарина Қаһарман.

Мәселен, жаныңызға жақын адамнан немесе жұмысыңыздан айырылып қалдыңыз. Бұл — стресс. Мұндай жағдайда өзіңізге қайғыруға, жоқтауға мүмкіндік, уақыт беруіңіз керек.

— Ол жағдайды өзгерте алмайсыз, бірақ жағдайды қабылдап, жүрегіңізге ұялаған сезімдерді сезінуге мүмкіндік бересіз. Ал депрессияға келетін болсақ, шаршау мен депрессия екі түрлі нәрсе. Депрессия — бұл жай ғана көңіл-күйдің төмендеуі немесе «әлсіздік» емес. Ол — адамның сезіну, әрекет ету және қалыпты өмір сүру қабілеті төмендейтін күй. Ондайда адамның шаршауы бір емес, бірнеше аптаға, айларға созылып кетеді. Қанша ұйықтаса да, тынығып алса да шаршап тұрады. Бұрын қуаныш әкелген нәрселерге қызығушылық жоғалады. Өзін қуыс кеуде сезініп, өмір мәнсіз болып көрінеді. Зейін төмендеп, кінәлі сезімде жүреді. Тіпті өмір сүргісі келмейтін күйге түсуі мүмкін, — дейді психолог.

Оның айтуынша, осындай күйде 2 аптадан астам жүрген адам міндетті түрде маман көмегіне жүгінуі тиіс. 

— Өкінішке қарай көп адам соңына дейін шыдайды. «Өзім жеңемін», «психологқа бару — ұят» деген түсінікпен жүреді. Жан ауруы тіс ауырғанмен бірдей, елемей жүре беру — суицидке әкелуі мүмкін. Маманға жүгіну — әлсіздік емес. Бұл — тығырықтан тезірек әрі қауіпсіз түрде шығудың ең тиімді жолы, — дейді Зарина Қаһарман.

Еске салсақ, ғалымдар депрессия мен диабеттің байланысын анықтаған болатын