«Қордың қолдауымен таяуда ғана Симба атты арыстанға арналып қаумал салынған болатын. Алайда ол қаумал екі арыстанға ғана есептелген. Шаруа қожалықтан табылған арыстан Симбаның қаумалына орналастырылды», - делінген қордың желідегі ресми парақшасында.
Қаумал халықаралық стандарттарға сәйкес салынған. Тиісінше жып-жылы әрі тып-тыныш орын екі арыстанның бөлек-бөлек тіршілік етуіне мүмкіндік береді. Егер алматылық арыстанның медициналық анализі дұрыс болып шықса, жуық арада Симбаның уақытша «көршісі» болады.
«Қаумал тағы бір аңды құтқарып қалса – біздің мақсатымыздың орындалғаны. Жабайы аңның ойыншық емес екенін еске сала кеткіміз келеді. Олардың өз ерекшеліктері мен қажеттіліктері бар», - дейді Қор.
Еске сала кетсек бұған дейін Алматы облысында шаруа қожалығы иесінің арыстан асырап жатқаны анықталған болатын. Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 ақпан күні Талғар ауданының полиция басқармасына хабарлама келіп түскен. Ол жерде Бесқайнар ауданындағы шаруа қожалықтың бірінде арыстан бар екені хабарланған. Тәртіп сақшылары шағым бойынша белгіленген мекенжайды тексеруге барғанда ақпарат расталған.