АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты элиталық дивизионындағы орнын сақтап қала алмады. Қазақстандық хоккейшілер жұбаныш кездесуінде Норвегияға буллиттен жол берді.
Кездесу барысында қос құрама тартысты ойын өткізді. Кездесудің негізгі кезеңі 5:5 есебімен тең аяқталып, овертаймға ұласты. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Буллитте норвегиялық хоккейшілердің жолы болды.
Жиырма жылдан кейін элиталық дивизионға қайта оралған Қазақстан хоккейшілері қайтадан бірінші дивизионға түсіп қалды.
Қазақстандық хоккейшілер В тобында сынға түсті. Қарсыластары - Канада, Швеция, Швейцария және Чехия құрамалары.
Еліміздің жасөспірім хоккейшілері топтық кезеңде Швейцарияға 1:5, Швецияға 1:7, Канадаға 3:11 есебімен есе жіберді.
Ал Чехияны овертаймда 4:3 есебімен тізе бүктіріп, өз тарихында тұңғыш мәрте әлем чемпионаты элиталық дивизиондағы алғашқы жеңісін тойлады.
Жүлделі орындарды сарапқа салу үшін ширек финалда АҚШ пен Норвегия, Финляндия мен Швеция, Канада мен Латвия, Чехия мен Словакия шебердік байқасады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.