Шайбалы хоккейден Қазақстан кубогы қайда өтетіні белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден Қазақстан кубогының өтетін мерзімі мен орны белгілі болды.

Фото: hcbarys.kz

Биыл аталған турнирге 11 клуб қатысады. Олар өткен маусымдағы рейтинг бойынша екі топқа бөлінген. 

А тобының ойындары Өскемен қаласында өтеді. Бұл топта қазірге ел чемпионы көкшетаулық «Оқжетпес», «Ақтөбе», өскемендік «Торпедо», атыраулық «Бейбарыс», петропавлдық «Құлагер» және «Алматы» командалары сынға түседі.

Ал В тобында астаналық «Номад», қарағандылық «Сарыарқа», соңғы кубок иегері өзбекстандық «Хумо», рудныйлық «Горняк», павлодарлық «Ертіс» шеберлік байқасады. 

Алдын-ала іріктеу кезеңі 22-28 тамыз аралығында өткізіледі. Одан кейін жартылай финалда әрбір топтың жеңімпазы келесі топтың екінші орын алған клубымен кездеседі. 

Финалдық ойын 31 тамыз бен 1 қыркүйекте Өскемен қаласында болады. 

Еске салсақ, 14-18 тамыз аралығында Астанада шайбалы хоккейден ҚР Президенті кубогы турнирі өтеді.