Бүгінгі кездесуде словакиялық хоккейшілер тізгінді өз қолына алуға тырысты. Бірінші кезеңде Қазақстан құрамасының қақпасы маңында жиі бой көрсетті.
Нәтижесінде олардың сапынан Патрик Кох 14-минутта есеп ашты. Бұдан кейін таблодағы есеп өзгерген жоқ.
Екінші кезеңде қазақстандық хоккейшілер қатарынан үш шайба соғып кетті. Ел құрамасынан Роман Старченко 21, Валерий Орехов 24, Евгений Рымарев 25-минутта мергендік танытты.
Үшінші кезеңде словакиялық құрамадан Рихард Паник 48, Павол Регенда 56-минутта екі гол соғып, таразы басын теңестірді.
Осылайша кездесу 3:3 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Буллитте Қазақстан мүлт кеткен жоқ. Нәтижесінде қарсыласын 4:3 есебімен жеңді.
Қазірге дейін екі құрама сегіз мәрте кездескен еді. Оның алтауында словакиялық, біреуінде қазақстандық хоккейшілер басым түссе, бір ойын тең аяқталды.
Қазақстан құрамасы аталған қарсыласын 1998 жылы 2 ақпанда Олимпиада ойындарында 4:3 есебімен тізе бүктірді.
Еске салсақ, ел құрамасы бұған дейін буллиттен Норвегияны 4:3 есебімен жеңді.
Одан кейін Чехиядан 1:5, Швейцариядан 0:5, Канададан 1:5 есебімен жеңіліп қалды.
Енді ел құрамасы 20 мамырда Латвия, 22 мамырда Словения құрамаларымен кездеседі.
Сондай-ақ, 19 мамырда В тобында Латвия Словенияны 3:2 есебімен жеңді.
Ал А тобында Финляндия Венгрияны 7:1, Германия Австриядан 4:2 есебімен басым түсті.