АСТАНА. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден 2023 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында Латвия қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлем біріншілігінде 3-орын үшін сайыста АҚШ пен Латвия құрамалары күш сынасты.
Қазірге дейін америкалық хоккейшілер 2 мәрте алтын, 9 күміс, 9 қола медаль алды. Ал латвиялық құрама жарыстың аталған сатысында тұңғыш мәрте бақ сынап отыр.
Бүгінгі кездесу барысында қос құрама тартысты ойын өткізді. Бірінші кезеңде бір-бірінің қақпасынан екі-екіден шайба соғып үлгерді.
Үшінші кезеңде құрамалар бір-бір шайбадан соқты. Негізгі кезең 3:3 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда Латвия жеңіс шайбасын соқты.
Осылайша латвиялық хоккейшілер өз тарихында тұңғыш мәрте әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді.
Енді финалда Германия мен Канада құрамалары кездеседі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.