Хоккейден әлем чемпионатының финалына шыққан командалар белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден 2023 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында финалға шыққан құрамалар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хоккейден әлем чемпионатының финалына шыққан командалар белгілі болды
sport-express.ru

Мұндай мүмкіндікке Канада және Германия қол жеткізді.

Жартылай финалда канадалық хоккейшілер латвиялықтармен кездесті.

Ойынның бірінші кезеңінде Латвия құрамасы 1:0 есебімен басым тұрды.

Екінші кезеңде құрамалар бір-бір гол соқты. Шешуші үшінші кезеңде канадалық хоккейшілер қатарынан үш шайба енгізіп, финалға жолдама тағдырын шешті.

Осылайша Канада қарсыласынан 4:2 есебімен басым түсті.

Ал тағы бір кездесуде Германия құрамасы АҚШ-ты 4:3 есебімен тізе бүктірді.

Финал мен 3-орын үшін сайыс 28 мамырда өтеді.

Айта кетсек, әлем чемпионаты 12 мамырда Латвияның Рига және Финляндияның Тампере қалаларында басталды.

Еске салсақ, Қазақстан құрамасы биыл элиталық дивизиондағы орнын сақтап қалды.