АСТАНА. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден 2023 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында ширек финалға шыққан барлық құрама анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық хоккейшілер сынға түскен В тобынан Швейцария, Канада, Чехия және Латвия жарыстың келесі сатысына шықты.
Ал А тобында мұндай мүмкіндікке АҚШ, Швеция, Финляндия және Германия ие болды.
Ширек финалда құрамалар төмендегіше жұп құрады:
Швейцария - Германия
АҚШ - Чехия
Канада - Финляндия
Швеция - Латвия.
Жарыстың аталған сатысындағы барлық ойындар 25 мамырда елорда уақытымен 19:20 және 23:20-да өткізіледі.
Қазақстандық хоккейшілер өз тобында алтыншы орын алса, барлық қатысушылар арасында 11-орынға табан тіреді.
Ел құрамасы Словенияны, буллитте Норвегия мен Словакияны 4:3 есебімен жеңді.
Ал Чехияға - 1:5, Канадаға - 1:5, Швейцарияға - 0:5, Латвияға 0:7 есебімен жол берді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.