АСТАНА. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден 2023 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында бүгін, 19 мамырда Қазақстан құрамасы Словакиямен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған ойын елорда уақытымен 23:20-да басталып, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі құрама бұған дейін сегіз мәрте кездесті. Бір ойында Қазақстан, алтауында Словакия жеңіске жетсе, бір кездесу тең аяқталды.
Словакия 2002 жылы әлем чемпионы атанса, 2000, 2012 жылы күміс, 2013 жылы қола медаль алды.
Қазақстандық хоккейшілер қазірге дейін төрт кездесу өткізді. Бұған дейін буллиттен Норвегияны 4:3 есебімен жеңді.
Одан кейін Чехиядан - 1:5, Швейцариядан - 0:5, Канададан 1:5 есебімен жеңіліп қалды.
Ал Словакия Чехиядан 2:3, Швейцариядан 2:4, Канададан буллиттен 1:2 есебімен жеңілсе, Латвияны 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Сондай-ақ, аталған топта бүгін Латвия - Словения құрамалары кездеседі.
А тобында Венгрия - Финляндия, Австрия - Германия құрамалары ойнайды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.