НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден Қазақстан Президенті кубогының биылғы жүлдегерлері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл үшінші турдағы «Нефтехимик» (Нижнекамск) және «Автомобилист» (Екатеринбург) кездесуінен кейін белгілі болды. Нижнекамск клубы қарсыласын 4:3 есебімен тізе бүктірді. Нәтижесінде небәрі 2 ұпай жинаған олар турнир кестесінде төртінші орынды қанағат тұтты.
Ал «Автомобилист» 3 ұпаймен әзірге екінші орында келеді.
Турнир жеңімпазы бүгін елордалық «Барыс» және «Металлург» (Магнитогорск) кездесуінен кейін белгілі болады. Ойын «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Қазірге дейін «Барыс» екі ойын өткізді. Алдымен «Автомобилистке» 3:4 есебімен жол беріп, одан кейін «Нефтехимикті» 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Ал екі мәрте жеңіске жеткен «Металлург» 4 ұпаймен көш басында тұр.
Аталған турнир 2010 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.