Министрдің айтуынша, өткен бір жыл ішінде елімізде үш мыңнан астам есірткі қылмысы тіркелген. Оның ішінде есірткі өткізудің екі мыңға жуық фактісі, есірткі контрабандасының жүзден астам фактісі анықталды. Сонымен қатар, есепті кезеңде заңсыз айналымнан 23,3 тонна есірткі тәркіленген. Оның ішінде тәркіленген героин 136,3 келіні құраған. Бұл - алдыңғы жылға қарағанда 21,6 пайызға артық көрсеткіш. «Бүгінгі ахуалға келсек, қабылданып жатқан шараларға қарамастан шекара қызметі, кеден органдары біздің шекара арқылы өтетін есірткі ағымының жолын кесе алмай отыр. Бұл ретте ресейлік әріптестеріміздің героинның негізгі бөлігі оларға біздің ел арқылы жеткізілетіндері туралы байбаламдары негізсіз емес», - дейді министр Қ. Қасымов. Бұнымен қоса, ішкі істер ведомствосының басшысы қарулы контингенттің шығарылуына байланысты Ауғанстаннан Орталық Азия өңірі мен Еуропа елдеріне есірткі тасымалы мәселелері шиелінісе түсуі мүмкін деген сарапшылардың пікіріне де тоқталып өтті. «Осындай сценарийге біз дайын болуымыз керек», деді ол.
10:50, 13 Қаңтар 2014
Шекара қызметі мен кеден органдары шекара арқылы өтетін есірткі ағымының жолын кесе алмай отыр - ІІМ
АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, шекара қызметі мен кеден органдары шекара арқылы өтетін есірткі ағымының жолын кесе алмай отыр. Бүгін Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай мәлімдеді.