Шекаралық өткізу пунктерінде қазір ахуал қандай - ҰҚК мәлімдемесі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл тамызда шекара қызметі шекарадағы, оның ішінде өткізу пунктеріндегі заңсыз қызметке қарсы іс-шаралар өткізді. Көліктер техникалық қарау құралдарымен және қызметтік иттермен тексерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өткізілген іс-шаралар барысында есірткі құралдарын тасымалдаудың – 35, қару-жарақ пен оқ-дәрі өткізудің – 33, жалған құжат жасаудың – 20, қос азаматтықтың – 36 фактісі тіркелді. Жалпы сомасы 2 млрд теңге болатын 299 контрабанданың жолы кесіліп, 27 рет жалған құжатпен автокөлікті кіргізіп-шығармақ болғандар анықталды. Көші-қон заңнамасын бұзған 909 адам әкімшілік жауапқа тартылды. 28 тамыздағы жағдай бойынша, барлық өткізу пунктері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Қазақ-қырғыз шекарасындағы «Қарасу» (Қазақстан) - «Ақ тілек» (Қырғызстан) өткізу пункті арқылы кешегі тәулікте Қазақстан аумағына 350-ден астам автокөлік кірді. 80-100 автокөлік кезекте тұр. Бұл - осы маусымдағы қалыпты жағдай. Қазақ-қырғыз шекарасының басқа автокөлік өткізу пунктерінде кезек жоқ.Сонымен қатар, Өзбекстанмен шекарадағы «Жібек жолы», «Жетісай», «Б. Қонысбаев атындағы» және «Қазығұрт» өткізу пунктерінде қайта құрылымдауға байланысты көліктер кезекке тұрып, жиналып қалған.Ресеймен шекараға келер болсақ, «Сырым», «Жайсан» және «Қайрақ» пунктерінің алдында үнемі көліктер жиналып қалады. Бұл да - осы маусым үшін қалыпты жағдай. Сондай-ақ, шекарадағы өткізу пунктерінде қандай да бір қосымша шектеу шаралары енгізілген жоқ.