Шекарашылар БҚО-да еліміздің аумағынан мұнай өнімдерін заңсыз шығару әрекетінің алдын алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2022 жылғы 8-11 қазан аралығында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Батыс Қазақстан облысының «Жайық» темір жол өткізу пунктінде еліміздің аумағынан мұнай өнімдерін заңсыз шығарудың алдын алды.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жағармай тиелген 20 теміржол цистернасы битумдық лактарды еріткіш «Уайт-спирит» ретінде көрсетіліп, жүкке арналған теміржол құрамдарымен тасымалданған.

Ұсталған жүк құзыреті бойынша процессуалдық шешім шығару үшін Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне берілді.

«Шекара қызметі Қазақстандағы бензин, дизел отыны мен мұнай өнімдерінің жеке түрлерінің шығарылуына уақытша шектеулер қойылғанын еске салады»,-делінген ҰҚК баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.