Шемонаихада күйіп қалған 11 жасар бала: Полиция түсінік берді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат -Шемонаиха қаласында өзінен үлкен жасөспірімдердің әрекетінен күйіп қалды деген 11 жастағы балаға қатысты тың деректер белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 1 жыл бұрын болғанымен,  ақша бопсалау туралы мәліметтер енді ғана тарап жатыр. Зардап шегуші тараптың айтуынша, 14-15 жастағы ересек оқушылар ізбасарларынан ақша бопсалап келген.

«Нұрәлидің ұсақ рэкетирлер алдындағы «қарызы» 3 мың теңгеге жеткен. Олар баланы қораға апарып, төбесінен бензин құйып, от қойған.  Салдарынан денесінің 85 пайызын күйік шалды.  Бір жылдың ішінде ол  9 рет жасатты.  Бұзақылардың жасы кәмелетке толмағандықтан, сот үш отбасына 1 млн теңге айыппұл салынды» - делінген ғаламтордағы хабарламаларда.

Ауыр жағдайға түскен отбасының жанашырлары әлеуметтік желілер арқылы киім-кешек пен азық-түлік күйінде, ақшалай да көмек жинауда. Күйік шалған Нұрәли Сейітбатталұлы Өскемендегі ана мен бала орталығында ұзақ ем алып, Астанаға жеткізілген болатын. Жалғызілікті әйелдің одан басқа 3 баласы тағы бар.

Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті баланың кісі қолынан күйік алғанын растап отыр. Алайда, ақша бопсалау фактісін жоққа шығарды.

«Бұл іс бойынша Шемоаниха аудандық ішкі істер бөлімі сот алды тексеру жүргізген болатын.  Тергеу деректері бойынша, 2017 жылдың 5 шілдесінде 11-13 жастағы төрт бала көшелердің бірінен мыс кабель тауып алады. Оны аршып өткізу үшін, үйден бензин әкеп от қояды. Оларға сағат 17.30  шамасында Нұрәли қосылады. Жанып жатқан кабельге бензин үстеу кезінде жалынды жел жарпып, от Нұрәлидің жейдесіне тиген. Жалын оның үстіндегі киім мен шашына жалғасқан.  Оқиғаға кінәлі балалар қаупсіздік ережесіне қайшы іске барғаны үшін жазаға тартылуы мүмкін еді. Бірақ жастары кәмелетке толмағандықтан,  іс тоқтатылған» - деліген департамент берген ақпаратта.

Айта кетсек, бұл іске сол кездегі бала құқықтары жөніндегі  уәкілетті тұлға Зағиап Бәлиева араласып, баланы амеркалық дәрігерге қаратқан болатын. Күйікті салдарынан Нұрәлидің кейбір бұлшықеттері қозғалыссыз қалған. Оны қалпына келтіру үшін пластикалық ота жасау қажет. Америкалық маман баланың бұлшықеттері толық жетілмегендіктен ота жасауға ерте екенін айтыпты. Қазір ол түрлі екпелердің көмегімен емделуде.