Шенеуніктің қыздарын оқуға түсіруді уәде еткен алаяққа қатысты сот отырысы басталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қалалық сотында "Азери Медикал" ЖШС директоры Ботагөз Биекеноваға қатысты сот отырысы басталды.

Тергеу материалдарына сәйкес, ол жәбірленушілерге 17 миллион теңге шығын келтірген. Олардың арасында облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ботагөз Биекенова сот алдында Қылмыстық кодекстің "Алаяқтық" бабы бойынша жауап беруде. Ол 2014-2016 жылдар аралығында әртүрлі уәделер бере отырып, 5 адамнан 17 миллион теңгеден астам ақша алды деп айыпталуда.

  

Облыстық соттың баспасөз хатшысы Илиада Досова атап өткендей, Биекенова жәбірленушілердің бірінен бірге бизнес ашамыз деген желеумен 2 миллионнан астам теңге алған. Екіншісі "ҚазақОйл" ЖШС-ға жұмысқа орналастырып беру үшін оған 368 520 теңге берген. Астанадан «пәтер алмақ болған» тағы бір жәбірленуші 3 миллион 670 мың теңгеге шығынға батса, әкесін шетелде емдеткісі келген келесі бір азамат 3 миллион 229 мың теңгесінен қағылған.

Іс материалдарына сүйенсек, ең көп ақша берген (20 мың АҚШ доллары) облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмат Ермағанбетов болып шықты. Ол бір қызын Назарбаев Университетіне, екінші қызын Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқуға түсірмек болған. 

Айта кетейік, Алмат Ермағанбетов аталмыш Басқармадағы қызметінен босатылды. Ол жұмыстан заңсыз шығарылғандығын айтып, Басқарманы сотқа берді.