Шерзат соты: Тағы бір сотталушы айыптау актісімен келіспейді

Фото: Фото: видеодан кадр

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Шерзат Полаттың өліміне байланысты Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатқан қылмыстық іс аясында сотталушы Шыңғыс Белғожаев жауап берді.

Оның айтуынша, 2024 жылғы 3 қазаннан 4 қазанға қараған түні ол жұмыстан шығып, досы Азамат Тоқтаубаевпен кездескен.

Біраз уақыт сөйлесіп тұрған кезде Азаматтың ұялы телефонына Нұрқияс хабарласып, «Эйфория» мейрамханасына шақырған. Сонымен қатар, бір жаққа апарып тастауды өтінген.

— Мейрамханаға келгенімізде Нұрқияс, Равиль, Абзал және екі қыз болды. Кейін Нұрбол Тоқтаубаев хабарласып, қайда екенімізді сұрады. Ол Талғар қаласында жүргенін жеткізді. Біраз уақыттан соң олар да келіп кетті, — деді сотталушы.

Оның айтуынша, кейін Нұрбол Тоқтаубаев оны «Қамажай» дүкеніне шақырған.

— Дүкенге барсақ, шамамен оншақты адам жүр екен. Ол жерде Нұрбол, Думан және Дархан Әскентай болды. Дарханды бұрын Нұрболдың жанында бірнеше рет көргенмін, бірақ араласқан емеспіз, — деді ол.

Сотта Белғожаев сол сәтте Қаржаубайдың дүкеннен жүгіріп шыққанын, ал өзі қалтасынан бәкісін шығарып, Қаржаубай әріге бара қоймас деген оймен әрекет еткенін айтты. 

Алайда Қаржаубай бәкіден сескене қоймаған. Осыдан кейін Белғожаев дүкеннің есігін теуіп, оны ішке қайта кіргізген.

— Сол сәтте төбелес басталды. Кейін мылтық атылды. Мылтық ұстаған адам біз жаққа қаратып атқан кезде біз дүкен жанындағы ағаштың артына жасырынып қалдық. Екінші рет атылғаннан кейін олар шегініп кетті. Сол кезде барып мен оны ұрып, тептім. Негізінде мылтық атқан сақалды адамды ұрамын деп барғанмын, бірақ кейін бейнежазбадан көргенімдей, мен Шерзат Полатты ұрып жіберіппін, — деді сотталушы.

Шыңғыс Белғожаев сотта пышақ туралы да айтып өтті. Оның сөзіне қарағанда, оқиға орнында көрген пышақ — тергеу материалына тіркелген пышақ емес, ол үлкен ас үй пышағына ұқсас болған.

Сондай-ақ айыпталушы оқиға болғаннан кейін өз көлігіндегі мылтықты байқап қалып, оны «биатлон» аймағы жақтағы жолдың шетіне апарып лақтырғанын жеткізді.

— Менен сұраса, тауып беретін жерге тастадым, — деді ол.

Мемлекеттік айыптаушы Шыңғыстың қолында пышақ болғанын айтып, сұрақ қойды. Ол өз кезегінде «білмеймін» деп жауап берді.

Сонымен бірге, «Шерзаттың анасы баласын кімнен қорғады?» деген сұраққа да «білмеймін» деді.

Ол айыптау актісінде көрсетілген «пышақтың сабымен ұрды» деген тұжырыммен келіспейтінін айтып, тергеу кезінде қысым болғанын және кейбір жауаптарының сол қысыммен алынғанын мәлімдеді.

Еске сала кетейік, бүгін Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта жауап берген тағы бір сотталушы Ілиясов мылтықпен ұру себебін түсіндірген еді. 

Екінші сотталушы Нұрбол Тоқтаубаев өтірік айғақ бергенін растады

Кәмелетке толмаған тағы бір айыпталушы Думан Ысқақ өзіне тағылған айыпты мойындамады.

Айта кетейік, Шерзат Полаттың өлімі бойынша алғашқы сот отырысында прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.

Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қаза болғанын жазған едік.

2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.

2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат ағасының денесі табылды.