Шерзат ісі: куәгер қыздарға қатысты сот қаулысы күшіне енді
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облыстық сотының ғимаратында бүгін Шерзат Полаттың өліміне қатысты апелляциялық сот өтті.
Бірінші сатыдағы сот Д. Жақсыгелді, Э.Нұрбекова, А.Казакенов және Ю.Рузбакиевтің әрекеттерінде қылмыс белгілері болуы мүмкіндігіне прокурордың назарын аудару туралы жеке қаулы шығарған еді.
Соттың бұл қаулысына қатысты адвокат Д. Сыдықбеков куәгер Д. Жақсыгелдінің мүддесінде жеке шағым түсірген.
Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы жеке қаулыны өзгеріссіз қалдырды. Сондай-ақ апелляциялық сот айыпталушылардың өтінішін қанағаттандырмай, алғашқы үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Бұған дейін-ақ прокуратура Шерзат ісіндегі куәгер қыздарға қатысты тергеу неліктен қайтадан басталмағанын түсіндірді.
Еске салайық, былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмды.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасының денесі табылды.
Биыл 17 маусым күні Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты тергеу тоқтатылды.
Одан бөлек Шерзат әкесінің үйі өртенуіне байланысты тергеу әзірге тоқтап тұрғаны хабарланды.