Шерзат ісіндегі куәгер қыздарға қатысты іс қозғалды ма

Фото: Kazinform

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Шерзат Полаттың өліміне қатысты істе бірінші сатыдағы сот Д.Жақсыгелді, Э.Нұрбекова, А.Казакенов және Ю.Рузбакиевтің әрекеттерінде прокурордың назарын аудару туралы жеке қаулы шығарды.

Апелляциялық сот жеке қаулыны өзгеріссіз қалдырып, үкім заңды күшіне енді.

Kazinform агенттігі Алматы облысының прокуратурасына сауал жолдап, сот қаулысына байланысты қандай жұмыс атқарылғанын сұрады.

- Д.Жақсыгелді, Э.Нұрбекова, А.Казакенов және Ю.Рузбакиевтің әрекеттеріне қатысты сот шығарған жеке қаулы бойынша, облыс прокуратурасы оны ақпараттарды есепке алу кітабына тіркеп, процестік шешім қабылдау үшін құжаттар Алматы облысының полиция департаментіне жолданды, - делінген Алматы облысы прокурорының орынбасары Абылайхан Оңдасын жауабында.

Еске салайық, былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы Шерзат Полат қайтыс болды.

2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.

2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасының денесі табылды.

Сот үкімімен 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты 9 адам 23 жылдан 1,5 жылға дейін сотталды.

Кейін Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты тергеу тоқтатылды.