Шерзат соты: айыпталушылардың көпшілігі кінәні мойындаған жоқ
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты басты сот отырысы өтті.
Сот отырысы барысында судья Ержан Жанұзақов 9 сотталушыдан айыптау актісіндегі тағылған айып бойынша кінәні мойындайтын не мойындамайтынын сұрады.
Шерзат Полат өліміне байланысты бас күдікті А.Шынасыл кінәсін жартылай мойындайтынын айтты. Ол Н.Ғайыпбаевқа қатысты іс-әрекеттерін растады. Алайда Ш.Полатқа пышақ сұққанын жоққа шығарды.
Белғожаев кінәсін жартылай мойындайтынын айтты. Оның сөзінше, сотталушы жасөспірімді пышақ сабымен ұрмаған.
А.Тоқтаубаев пен Н.Тоқтаубаев та кінәларын тек жартылай мойындайтындарын хабарлады.
Р.Сәкиев, Д.Әскентай, Н.Ілиясов, Д.Қалиахмет, Д.Ысқақ кінәсін толық мойындаған жоқ.
Еске салайық, прокурор сот отырысында олардың әрқайсысына Қылмыстық кодекстің қай баптары бойынша айып тағылғанын оқыды.
Олар:
— Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бап 2-бөлігі 1,4,7, 9,14-тармақтары (адам өлтіру), 24-бап 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу);
— Равиль Сәкиев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бап 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 99-бап 2-бөлігі 7,9-тармақтары (адам өлтіру);
— Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Азамат Тоқтаубаев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық).
— Кәмелетке толмаған Дидар Ысқақ Қылмыстық кодекстің 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша айып тағылып отыр.
Бұған дейін сотта Шерзат өлімінің негізгі себебі аталды.
Сондай-ақ Нұрқанат Ғайыпбаевтың жанжал барысында қандай жарақат алғаны айтылды.
Прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.
Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды.
Биыл ақпан айында Шерзат ісіне қатысты қылмысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған.