Шерзат соты басталды: бүгін айыпталушылар жауап береді
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты кезекті сот отырысы басталды.
Сот отырысын тікелей эфирде Жоғары соттың Youtube арнасынан көруге болады.
Кеше сот отырысында 7 куәгер жауап берді. Одан кейін судья Ержан Жанұзақов айыпталушылардан жауап алмақшы болды. Бірақ қамауға алынған күдіктілер дайын емес екендерін айтты. Жалпы іс бойынша 9 айыпталушы бар. Келесі сот талқылауы 15-16 мамыр күндері өтеді.
Бұрын сотта Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу кезіндегі бейнежазбасы көрсетілді.
Сонымен қатар оқиға орнына алғаш барған полицейлер куәлік берді.
Оған дейін сот отырысында куәгер Эльмира Нұрбекова жауап берді.
Екінші куәгер қыз Дана Жақсыгелді оқиға туралы баяндады.
Сотта Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ол кикілжің қалай басталғанын айтқан еді.
Еске салайық, прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.
Айыпталушылардың көпшілігі кінәні мойындаған жоқ.
Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасының денесі табылды.