Шерзат соты: Сотталушы өтірік айғақ бергенін мойындады

Фото: Фото: Жоғарғы сот

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр.

Бүгінгі сот отырысында күдікті Азамат Тоқтаубаевтан жауап алынып жатыр.

Мемлекеттік айыптаушы «Қамажай» дүкенінің алдында түсірілген бейнежазбаны қосуды сұрады. Онда мемлекеттік айыптаушы Азамат Тоқтаубаевтың іс-қимылына мән берді.

Сотталушы өз кезегінде дүкеннің алдында Нұрқанатпен амандасқанын, жағдайдың мән-жайын білуге тырысқанын алға тартып, төбелеске бармағанын атап өтті.

Айыпталушының сөзінше, кикілжің барысында Дархан Әскентайға ашулы болған. Сондықтан осы жағдай бойынша өтірік айғақ берген.

— Дархан жайлы қарама-қайшы жалған айғақ бердім. Себебі ол кезде Дарханға ашулы едім. Бізбен бірге жазаға тартылсын деп өзіммен бірге ала кеткім келді. Дарханның қатысы жоқ, ол ешкімді ұрмады, қолында ешқандай пышақ болған жоқ. Мен өтірік айғақ бердім, сол үшін қазір өкінемін, — деді Азамат Тоқтаубаев.

Еске сала кетейік, Шерзат Полаттың өлімі бойынша алғашқы сот отырысында прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.

Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қаза болғанын жазған едік.

2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.

2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат ағасының денесі табылды.