Шерзат соты: судья блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушыларына ескерту жасады
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.
Сот отырысының басында судья Ержан Жанұзақов блогерлерге және әлеуметтік желі қолданушыларына ескерту жасады.
- Құрметті сот отырысына қатысушылар, әлеуметтік желілерде іске мүлдем қатысы жоқ блогерлер мен басқа да азаматтар тергеу әрекеттері мен сот талқылауына қатысты жеке пікірін білдіріп, субъективті баға беріп жатыр. Осыған байланысты ҚР Конституцисының 75-бабының 1 тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот жүзеге асыратынын, сонымен қатар сот қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейтінін және ол заңда белгіленген тәртіпте жауапкершілікке әкеп соғатынын естеріңізге саламыз, - деді судья.
Сонымен қатар Ержан Жанұзақов іс қаралып бітіп, үкім шығып, ол заңды күшіне енгенге дейін сот процессін түсіндіруге, әсіресе оған құқықтық баға беруге жол берілмейтінін ескертті.
- Сот шешімді объективті, даусыз дәлелдер негізінде қабылдайды. Үкім шыққанға дейін сотқа қысым жасауға, негізсіз және дәлелсіз сын айтуға жол берілмейді. Іске қатысты субъективті пікір таратуға болмайды. Бұл кей жағдайларда сотқа қысым жасау әрекеті ретінде бағалануы мүмкін. Осыған байланысты блогерлер мен басқа да желі қолданушыларына арандатушылық сипаттағы әрекеттерден аулақ болуға шақырамыз. Сот объективті әрі негізделген үкім шығаратынына кепілдік береді, - деді сот.
Еске салайық, өткен сот отырысында айыпталушы Дархан Әскентайдан жауап алынды.
Сот барысында сотталушылардың адвокаттары прокурорды ауыстыруды өтінді. Бірақ судья прокурорды ауыстырудан бас тартты.
Сонымен қатар сотта дүкен камерасына түскен оқиғаның толық бейнежазбасы көрсетілді.
Алғашқы сот отырысында прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.
Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат ағасының денесі табылды.