Шерзат сотында айыпталушы пышақтың кімде болғанын айтты

Фото: Фото: видеодан скрин

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сотталушы Равиль Сакиев жауап берді.

Сотта Сакиев 2024 жылы оқиға болған күні досы Нұрқияспен бірге «Эйфория» мейрамханасына барғанын айтты.

Сол жерде ол бір күн бұрын танысқан Дана және Эльмира есімді қыздарды шақырған. Біраз уақыттан кейін олардың жанына Абзал қосылып, кешкі сағат 21:00 шамасында қыздар да келген.

Отырыс барысында Азамат пен Шыңғыс, сондай-ақ Азаматтың ағасы Нұрбол мен Думан да мейрамханаға келіп-кеткен.

Сакиевтің айтуынша, мейрамхана жабылар уақытта ол есептесіп, Эльмирамен бірге соңғы болып сыртқа шыққан. Қыздарды үйіне жеткізіп салуға ниеттенген ол, барлығы Шыңғыстың көлігіне отырып, қала ішінде жүріп келе жатқанда «Қамажай» дүкеніне тоқтаған. Сол сәтте көліктегілердің ешқайсысы оған Нұрболдың біреумен ерегескені жөнінде ескертпеген.

— Мен дүкенге келдік деп ойладым. Көліктен түскене бір жағдайдың болып жатқанын байқадым. Сол жерде Нұрқанат Ғайыпбаев маған жақындап, «менің інім Шерзат сендердің бір балаларыңды ұрыпты» деп Дарханды көрсетті. Мен ол адамды танымайтынымды, бұл оқиғаға қатысым жоғын айттым, — деді сотталушы.

Сакиевтің сөзіне қарағанда, дүкен маңында туындаған жанжалдың соңы төбелеске ұласқан. Сол сәтте белгісіз тұстан оқ атылып, ол қараңғы жаққа қарай жүгірген.

— Мылтық атылды дегенде жүгіріп барып, жерде жатқан бөтелкені алдым. Сол кезде Нұрқанаттың тағы да мылтықты оқтап жатқанын көрдім. «Мылтығыңды таста!» дедім. Ол екінші рет атты. Мен көліктің артына тығылып, бөтелкені лақтырдым, тимеді. Кейін тағы мылтықты оқтап жатқанын көріп, жүгіріп барып мылтыққа жармастым. Сол сәтте ол мылтықты тартып қалып, мен құладым… Нұрқанатты екі-үш рет тептім. Сол сәтте бір әйел адамның қатты даусы шықты. Содан кейін капюшонымды киіп, бірінші болып оқиға орнынан кетіп қалдым. Артымнан басқалары бір минут болмай жүгіріп келіп, көліктің алдына отырды. Мылтықты Абзал мен Азаматтың алдына салғанын көрдім. «777» дүкенінде мен көліктен түспедім. Абзал сол жерде маған «бір баланы пышақтап жібердім» деді, кейін оның Нұрқанат екенін білдім, — деп еске алады сотталушы.  

Келесі сот отырысы 2025 жылдың 21, 22, 23 мамырында сағат 10:00–де өтеді. 

Еске сала кетейік, Шерзат Полаттың өліміне қатысты бүгінгі сотта тағы бір сотталушы айыптау актісімен келіспейтінін айтқан.

Тағы бір сотталушы Нұрқияс Ілиясов мылтықпен ұру себебін түсіндірсе, Азамат Тоқтаубаев өтірік айғақ бергенін растады.

Кәмелетке толмаған тағы бір айыпталушы Думан Ысқақ өзіне тағылған айыпты мойындамады.

Айта кетейік, Шерзат Полаттың өлімі бойынша алғашқы сот отырысында прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.

Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қаза болғанын жазған едік.

2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.

2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды