Шерзод Давлатов дзюдодан Еуропа кубогында чемпион атанды

АСТАНА. KAZINFORM - Чехия астанасы Прага қаласында өтіп жатқан дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Еуропа кубогында Шерзод Давлатов жеңімпаз атанды.

Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы

Отандасымыз 60 келіге дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірген жоқ. Ол финалда Франция өкілі Мотоли Бонгамбе Янді уақытынан бұрын тізе бүктіріп, жеңіс тұғырына көтерілді, 

Дәл осы салмақта Нұрәділ Әлжан ел қоржынына қола жүлде салды. Жұбаныш финалында ол тағы бір командаласы Сұңғат Нұратұлынан басым түсті. 

Еуропа кубогіне 38 елден 412 татами шебері қатысып жатыр. Жарыс 28 маусымға дейін жалғасады.

Еске салсақ, бұдан бұрын Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, 66 келідегі Ғұсман Қырғызбаев Циндао Гран-приінде күміс алды.

Отандасымыз финалда осы салмақтың айқын фавориті, 2 дүркін Олимпиада чемпионы, 4 дүркін әлем чемпионы Хифуми Абэмен (Жапония) белдесіп, жол берді.