«1 маусымнан бастап республика аумағында «Қарасора» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Ол есірткіні өсіруге, дайындауға және өткізуге қарсы бағытталған. Екі айда полицейлер 678 есірткі қылмысын анықтады. Оның ішінде 299 сату фактісі, аса ірі мөлшерде есірткіні сақтаудың 126 фактісі, есірткіні тұтыну үшін притонды ұстаудың 2 фактісі бар. Заңсыз айналымнан 8,5 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 67 келі героин, 1 тонна 175 келі марихуана, 94 келі гашиш және 23,7 келі синтетика тәркіленді», - деді ол апталық брифинг барысында.
Ш.Тұрлыбектің атап өтуінше, 25 қатысушыдан тұратын үш ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі жойылды. Олардың екеуі – шетел азаматтары. Күдіктілерден синтетикалық есірткі өндіруге арналған 72 тоннаға жуық түрлі прекурсор, зертханалық жабдықтар салынған 7 қорап, 40 келі марихуана және 4 келі гашиш тәркіленді. Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында арнайы операция барысында құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 183 фактісі анықталды.
«Қарасора плантацияларын анықтау үшін Ұлттық ұланның тікұшақтары мен Қорғаныс министрлігінің дрондары қолданылып жатыр. Олардың көмегімен 4 есірткі плантациясы анықталды. Онда қылмыскерлер құрамында тетрагидроканнабинолдың мөлшері жоғары марихуана жасайтын 8 мыңға жуық «үнді қарасорасы» бұтасын өсірген», - деді Шұғыла Тұрлыбек.
ІІМ өкілі елдің солтүстік өңірі де назардан тыс қалмағанын айтады.
«Павлодар облысының полицейлері 67 келі героин мен 10 келі гашиш контрабандасының жолын кесті. Есірткіні шетел азаматы қарбызға жасырып өтпек болған. 4 есірткі зертханасы анықталды, 11 күдікті ұсталды, 2 тонна прекурсор және 22 келі дайын мефедрон тәркіленді. «Қарасора» арнаулы операциясы жалғасуда», - деді Шұғыла Тұрлыбек.