Ақтөбеде эпидемиологиялық жағдай қалыпты. Дегенмен ұшақпен Түркиядан келген баладан қызылша анықталған.
«Науқас 15-ақпан күні Түркиядан ұшып келді. 2017 жылы туған бала қызылша ауруына шалдыққан. Ол бұған дейін қызылшаға қарсы вакцина салдырмаған. Қазір жанында болған адамдардың бәрі анықталып, тіркелді. Олар оқшауланды. Ал науқас ем қабылдап жатыр. Негізі қызылша – жұқпалы ауру. Жан-жағындағы адам вакцина қабылдамаған болса, көбіне қызылша жұқтырып алады. Балаларға өте қауіпті. ҚР Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес,1 жасқа толған және 6 жастағы бала қызылшаға қарсы вакцина салдыруы тиіс», - деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.
Оның айтуынша, қызылша коронавирус инфекциясына қарағанда жылдам тарайды. Ауа арқылы жұғады. Үш тәуліктен соң адам денесіне бөртпе шығып, қызуы көтеріледі.
«Ақтөбе облысында жедел респираторлы вирусты инфекцияға шалдыққан 48 адам стационарда ем қабылдап жатыр. Ал облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында 45 науқас ем алып жатыр. Оның 37-і бала. Арасында жасқа толмаған балалар да бар. Ақпан айында үш науқас тұмау жұқтырып, емделді», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Әсия Тұржанова.