Шетелде туроператор проблемасына тап болғандар не істеу керек

АСТАНА. KAZINFORM – Шетелден елге келе алмай жатқан Қазақстан азаматтары бірінші кезекте елшіліктерге хабарласуы керек. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева айтты.

Фото: пресс-служба Министерства туризма и спорта РК

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер TEZ.KZ туроператоры қызметінің тоқтауына қатысты шетелде қалып қойған 300 туристі қайтару іс-қимылына қатысты сұрақ қойды.

Өз кезегінде Н.Нұрбаева шетелдегі Қазақстанның елшіліктері ел азаматтарына көмектесетінін айтты.

«Біріншіден, ел азаматтары елшіліктермен байланысқа шығуы керек. Осыдан кейін елшілік қызметкерлері басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе проблеманың шешімін жасауға әрекет етеді», - деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің әкімшісі «Туристік Қамқор» КҚ ақпараты бойынша TEZ.KZ туроператоры қызметін тоқтатқанын хабарлады

Аталған туроператор Қазақстан азаматтарының туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің қатысушысы cаналады. Бүгінде шетелде бұл туроператордан 300-ден астам қазақстандық турист бар.