Қазақстанға тур сату: Шетелдік саяхатшылар қызығушылығы 3 есе артқан
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанға тур сататын мамандандырылған платформалар арасында зерттеу жүргізілген. Нәтижесі бойынша 5 мемлекеттің шетелдік онлайн-туристік агенттіктерінде Қазақстанға баруға арналған 962 тур анықталған. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 3 еседей көп. Бұл туралы «Kazakh Tourism» ҰК компаниясы мәлім етті.
Компанияның мәліметінше, саяхатшылардың тарапынан түскен ұсыныстың басым көпшілігі Алматы мен Алматы облысына тән. Астана үшінші орында екені айтылған.
– Қазақстанның бірнеше өңірін бірден қамтитын турлар санының айтарлықтай өскені байқалады. Олардың саны 2023 жылмен салыстырғанда 7 есеге жуық көбейді. Бұл шетелдік аудиторияның мазмұнды әрі ұзақ маршруттарға қызығушылығының артқанын көрсетеді. Жалпы зерттеу нәтижелері Қазақстанның негізгі нарықтарда өзінің қатысуын айтарлықтай күшейткенін көрсетеді. Осы зерттеу негізінде туроператорлар әлеуетті және жаңа даму мүмкіндіктерін нақты бағалай алады, – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Турөнімдерді дамыту департаментінің директоры Маржан Траиспаева.
Шетелдік аудиторияның қызығушылығын зерттеу қазақстандық туристік өнімдерге деген сұраныс құрылымындағы айырмашылықтарды көрсетеді.
Еуропалық саяхатшылар экологиялық-шытырман бағыттарға, этно-мәдени бағдарламаларға және қалалық турларға басымдық береді.
ҚХР туристері трансшекаралық және аралас сапарларға жоғары қызығушылық танытады. Ctrip платформасында табылған турлардың жартысына жуығы аймақтағы бірнеше елді бірден қамтитын маршруттардан тұрады.
Оңтүстік кореялық қонақтар белсенді демалысты мәдени және табиғи орындармен ұштастыратын экологиялық-шытырман турлар мен аралас бағдарламаларды жиі таңдайды.
Парсы шығанағы елдерінің саяхатшылары негізінен Қазақстандағы эко және этно - туризм элементтері бар қалалық турларға баса назар аударады.
Еске сала кетейік, бұған дейін шетелдік продюсерлер Алматы баурайында фильм түсіретінін жазған едік.