Шетелдіктерге Қазақстаннан бала асырап алу шарттары қатаңдатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан билігі шетелдіктер үшін елімізден бала асырап алу шарттарын қатаңдатып, оны өз азаматтарымыз үшін біршама оңтайландырды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Раиса Шер айтты.

Оның айтуынша, бұрын қазақстандық азаматтар бала асырап алу үшін 20-ға жуық құжат жинайтын болса, жаңа заңнама бойынша небәрі 8 құжат жеткілікті. Сондай-ақ, бала асырап алу үдерісіне жұмсалатын уақыт да едәуір, 6 айдан 3 айға азайтылған.

Дегенмен, маманның айтуынша, жаңа заңнама бойынша біздің елімізден бала асырауға ниет білдіретін шетелдік азаматтарға қойылатын талаптар күшейтілді. Сондай-ақ, бала асырап алу құқығы жойылатын адамдар санаты да белгіленді.

«Мұндай адамдардың қатары біршама кеңейтілді. Бұрынғы бар тізімге дәстүрлі емес сексуалдық бағыттағылар, жазасын толық өтемегендер және жалғызбасты ер адамдар енгізілді. Сонымен қатар, жас шамаларына байланысты да бірқатар өзгерістер енгізілді», - деп атап өтті Р.Шер.