Qazaq Air компаниясын сатып алуға бірқатар инвестор өтінім берген. Мұны «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының экономика және қаржы жөніндегі тең басқарушы директоры Мират Өтепов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.
«Ресми ақпарат шыққанға дейін мұның (Qazaq Air компаниясын жекешелендіру — автор) мән-жайын айтуға құқым жоқ. Менің білуімше, бірқатар жергілікті және шетелдік инвесторлар өтінім беріп үлгерді. Оларға компанияның ақпаратымен танысуға рұқсат етілді. Қазір олар сол мәліметті зерделеп, талдап жатыр», — деді Мират Өтепов баспасөз мәслихатында Kazinform тілшісінің сауалына.
Еске салайық, тамыз айында «Самұрық-Қазына» Qazaq air авиакомпаниясын сатуға шығарды.
Кейін қордың дамыту және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан «Qazaq Air» компаниясын жекешелендірудегі басты мақсатты атады.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.