Шетелдік науқастар Қазақстанда қандай ем алады

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері шетелден 80 мыңнан астам адам келіп, Қазақстанның медициналық қызметтеріне жүгінген.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстандағы медициналық туризм әлеуеті туралы айтып берді.

Миинстрдің айтуынша, шетелдік пациенттер саны былтырғы жылдармен салыстырғанда едәуір өсті.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— Біздің кейбір бағыт бойынша халықаралық деңгейге жеттік деп айтуға болады. Оның ішінде кардиохирургиялық операциялар, нейрохирургиялық, стоматологиялық қызметтер сапасы мен бағасы шетелдіктерге өте қолайлы болып отыр. Сонымен бірге, экстракорпоралды ұрықтандыру да үлкен сұранысқа ие, — деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет үйінде өткен брифингте.

Шетелдіктерге қосымша еш жеңілдік қарастырылмаған, дегенмен қазақстандық меморгандар халықаралық және ел ішіндегі рейстердің ашылуына байланысты тиісті жұмыстарды ұйымдастырады.

— Қазан айында Өзбекстанда Қазақстан медицинасы күндерін өткіземіз. Өзбекстанның бес өңіріне, оның ішінде Ташкентке, Қарақалпақстанға, Бұқара мен Самарқанға мамандарымыз барады. Олар күрделі оталар жасап, шеберлік сағаттарын өткізеді. Жыл аяғына дейін Тәжікстанға да осы жұмыстармен барамыз. Бұл өте үлкен бағыт, әлі де дамытуды, қолдауды қажет етеді, — деді Денсаулық сақтау министрі.

Бұған дейін Ақмарал Әлназарова дәрігерлердің науқасты қарау уақытын ұзарту мәселесімен 2024 жылдан бері айналысып келе жатқанын айтқан еді.