Шетелдік турист Алматы тауларынан зембілмен түсірілді

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Алматы қаласы Құтқару қызметінің мамандары Шымбұлақ тау-шаңғы курортынан жоғары орналасқан Богданович мұздығында, теңіз деңгейінен шамамен 3300 метр биіктікте шетелдік туристерге көмек көрсетті.

Құтқару қызметінің мәліметінше, оқиға туралы ақпарат күннің екінші жартысында курорттың күзет қызметкерінен түскен. Қытай Халық Республикасының азаматтары – екі ер адам мен 27 жастағы әйел биік таулы аймақта қалып қойып, өз беттерінше төмен түсе алмаған.

Әйел басынан жарақат алып, қан кеткені анықталып, оған шұғыл көмек қажет болған.

Оқиға орнына бір техникамен жабдықталған бес адамнан тұратын құтқарушылар тобы дереу жіберілді. Мамандар зардап шеккен әйелге дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетіп, арнайы зембіл арқылы мұздықтан эвакуациялауға кірісті.

Бұған дейін Алматы маңындағы тауларда аяғы сынған турист құтқарылғаны хабарланған болатын.

Сондай-ақ жуырда Алматы тауларында құтқарушылардың кезекшілігі күшейтілгені айтылған еді.