Оның айтуынша, Қазақстанға алыс шетелдерден де азаматтар келіп жатыр. Себебі кейбір мемлекеттерде тіс имплантын орнату бірнеше мың, тіпті ондаған мың доллар немесе еуро тұрады. Вице-министр бұл деректерді Қазақстан стоматологтары қауымдастығының мәліметтеріне сүйеніп жеткізді.
— Қазақстанда тексеруден өту немесе дәл сол имплантты орнату әлдеқайда арзан. Ал стоматологиялық қызметтердің сапасы жағынан біз ешкімнен кем емеспіз, — деді Тимур Сұлтанғазиев.
Журналистер шетелдіктер тарапынан сұраныс артса, жергілікті тұрғындар үшін емдеу бағасы өспей ме деп сұрады. Вице-министр мұндай қауіп жоқ екенін айтты.
— Керісінше, шетел азаматтарының ағыны артқан жағдайда стоматологиялық кабинеттерде жұмыс істейтін мамандардың лайықты табыс табуына мүмкіндік көбейеді деп есептейміз. Бұл орта буын медицина қызметкерлеріне де, дәрігерлерге де қатысты, — деп түсіндірді ол.
Сұлтанғазиевтің пікірінше, қосымша табыс медицина саласының басқа бағыттарына түсетін жүктемені де азайтуға көмектесуі мүмкін. Бұдан бөлек, стоматология саласына қаржыландырудың жаңа көздерін тарту жоспарланып отыр. Ал медициналық туризмнің жалпы дамуы ел экономикасына оң әсер етеді.
Шетелдіктердің қызығушылығы артып келе жатқандықтан, «медициналық туризм» ұғымын заң жүзінде бекіту жоспарланып отыр. Сонымен қатар емделу үшін шетелден келетін азаматтарға қызмет көрсету және оларды сүйемелдеу тәртібі жеке реттеледі.
Құрылтай отырысында сөз сөйлеген Тимур Сұлтанғазиев бұл отандық клиникалардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, қосымша инвестиция тартуға жол ашатынын атап өтті. Дегенмен оның айтуынша, Қазақстан азаматтары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету басты басымдық болып қала береді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда стоматологиялық клиникалар жаппай тексеріліп жатқанын хабарлаған едік.