Шетелдіктер ЖСН-ді бір жұмыс күні ішінде онлайн рәсімдей алады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда уақытша жүрген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) QazETA мобильді қосымшасы арқылы онлайн рәсімдей алады.

Коллаж: Kazinform

Ішкі істер министрлігі осы мақсатта пилоттық жобаны іске қосты.

Жаңа тәртіп Ішкі істер министрінің 2026 жылғы 2 қарашадағы №825 бұйрығында қарастырылған. Құжатқа сәйкес, Қазақстанда уақытша жүрген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар ЖСН рәсімдеу және ондағы мәліметтерді түзету қызметін QazETA мобильді қосымшасы арқылы ала алады. Ол үшін MAQ көші-қон қызметтерінің цифрлық платформасы пайдаланылады.

Қызметті пайдалану үшін алдымен QazETA қосымшасына тіркелу қажет. Тіркелу кезінде өтініш беруші жеке деректерін жинауға және өңдеуге келісім беріп, жеке басын куәландыратын құжатын телефон камерасына түсіреді. Сондай-ақ биометриялық сәйкестендіруден өтеді.

Одан кейін қосымшадан шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға ЖСН беру және оны түзету қызметін таңдайды.

Жүйе алдымен өтініш берушінің Қазақстанға кіргені туралы мәліметтерді тексереді. Содан соң пайдаланушы өзінің орналасқан жерін растап, жеке басын қосымша тексеруден өтеді. Автоматты түрде толтырылған мәліметтердің дұрыстығын тексеріп, туған жерін, байланыс деректерін және ұлтын көрсетуі керек.

Өтініш Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйесіне түседі. Онда жауапты қызметкер құжаттардың дұрыс толтырылғанын, мәліметтердің сәйкестігін және өтініш берушінің атына бұрын ЖСН тіркелген-тіркелмегенін тексереді.

Мемлекеттік қызмет бір жұмыс күні ішінде көрсетіледі. Өтініш берілген күн бұл мерзімге есептелмейді.

Өтініш нәтижесін QazETA қосымшасынан көруге болады. Пайдаланушы өтінішінің мәртебесін тексеріп, ЖСН туралы мәлімет ала алады. Тіркеу куәлігі болған жағдайда оны PDF форматында жүктеп алуға мүмкіндік бар.

Өтініш берушінің деректері белгіленген талаптарға сай келмесе немесе ұсынылған құжаттар мен мәліметтер жалған болса, қызмет көрсетуден бас тартылуы мүмкін.

Пилоттық жоба 2026 жылғы 9 қарашадан бастап бір жыл бойы жүзеге асырылады.

Бұған дейін шетелдіктерге жеке сәйкестендіру нөмірін беру қағидаларын өзгерту ұсынылғанын хабарлаған едік.