Шетелге кетіп қалған балалардың шотындағы қаражат сақтала ма

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Ұлттық қордан балаларға аударылған қаражат қай жағдайда бұғатталатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егер 18 жасқа толмаған бала елден кетіп, Қазақстан азаматтығынан бас тартса, онда бұл төлемдерді талап ете алмайды. Осы қаражат балалардың арасында қайта бөлінеді. Сонымен қатар, 18 жасқа дейін баланың азаматтығы өзгермей, елден кетсе, төлемдерді талап ету құқығы сақталады», - - деді Д. Темірбеков Сенат депутаттарымен кездесу кезінде.

Оның айтуынша, 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 5 немесе 10 жыл бойы сақталады.

«Аталған мерзімде қаражатқа сұрау салынбаса, шоттағы қаражат осы балалардың зейнетақы шотына аударылады. Сонымен қатар, азаматтық заңнамаға сәйкес, жинақталған қаражатты мұрагерлік бойынша беру мүмкіндігі қарастырылады», - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Дәурен Темірбеков «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында аударылатын қаражат туралы айтты.

Баланың шотына жыл сайын 150-160 АҚШ доллар сомасында қаражат аудары ескерілген.

Шотта жинақталған қаражатты 18 жасқа толғандар ғана пайдалана алады.

Бұл шоттағы қаржыны білім алуға немесе тұрғын үй сатып алуға жұмсауға болады.