Шетелмен реадмиссия туралы 15 келісім дайындалуда - Қалмұханбет Қасымов

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Бүгінгі таңда 16 елмен реадмиссия туралы келісімге қол қойылды. Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы кезде заңсыз көші-қонмен күресу мақсатында реадмиссия институтын пайдалана бастадық. Реадмиссияның тәртібі өте қарапайым. Бұл жерде шетел азаматтары өз еліне халықаралық келісім бойынша еріксіз қайтарылады. Соттың шешімі қажет емес. Бүгінгі таңда 16 елмен реадмиссия туралы келісімге қол қойылып, ратификацияланды. Сонымен қатар, тағы таяу және алыс шетелмен реадмиссия туралы 15 келісім дайындалуда және мемлекетішілік келісудің түрлі сатысында жүр»,  - деді министр.

Осы орайда ведомство басшысы реадмиссияланатын адамдарға арналған орталықтар салу мәселесіне тоқталды.

«Халықаралық тәжірибе бойынша еліміздегі реадмиссияға алынған адамдарға арнап арнайы орталық ашылуы қажет. Олар осы орталықта қабылданған сәттен өз еліне қайтқанға дейін болуы керек. Бұл мәселені шешу жолдарын жергілікті атқарушы органдармен бірге пысықтаудамыз», - деді Қасымов.

Айта кетейік, заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылға бағытталған пәрменді шара реадмиссия институты, яғни заңсыз келушілерді келген жағына кері қайтару болып табылады.