Шиелідегі Сауысқандық петроглифтеріне қауіп төніп тұр ма
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысы Шиелі ауданының Сауысқандық шатқалындағы петроглифтер кешенін шұғыл түрде қорғау шараларын қолға алу керек. Kazinform тілшісімен сұхбатта аудандық тарихи өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекболат Әбутегі осылай дабыл қақты.
Сауысқандық шатқалы ауданның шығыс бөлігіндегі Қаратау жотасында, Еңбекші ауылынан 50 шақырым алыс орналасқан. Ескерткіш 473,3 гектар аумақты алып жатыр.
Қорғау аймағы — 85 гектар, құрылыс салуды реттеу аймағы — 130,1 гектар, қорғалатын табиғи ландшафт аймағының көлемі — 122,8 гектар.
— Петроглифтер болжам бойынша біздің заманымызға дейінгі ІІ мыңжылдық шамасында тасқа қашалып жазылған. Бұл жерді Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы профессор Мадияр Елеуов басқарған археологиялық экспедиция мүшелері 2004 жылы зерттеген болатын. Сол кезде Сауысқандық шатқалынан жартасқа салынған суреттердің ірі шоғыры табылған. Петроглифтер сюжеті 8-10 мыңға жуық. Оның ішінде ең көрнектісі деп қолға шоқпар ұстаған ер адам бейнесін айтуға болады. Басына аң немесе құс үлгісіндегі бетперде таққан, мал терісін жамылған бейнелер қола дәуіріндегі діни нанымның ерекшелігін, кейбір ғұрыптық тұсын көрсетеді, — деді музей өкілі.
Кейіпкеріміздің сөзінше, жартасқа қашалып салынған бейнелер ежелгі адамдардың шаруашылығы, тұрмыс-салты, жөн-жоралғысы мен дүниетанымын көз алдымызға әкеледі.
— Петроглифтер сюжетінде Қаратау мен іргелес аудандардың фаунасы, сол жерді мекендейтін жан-жануарлар үлгісіндегі зооморфты бейнелер басым. Сондай-ақ арбаларды, аңшылық, солярлық таңбаларды, антропоморфты бейнелерді, «күнбасты» тіршілік иелерін кездестіруге болады. Қаратау петроглифтері пайда болған кез — шамамен ежелгі қола дәуірінен бастап ортағасырлық кезең мен кейінгі қазақ гравюраларына дейінгі аралық. Демек, қола дәуірі — Еуразия кеңістігінде қоныстанған көптеген халықтың бейнелеу, әсіресе, жартасқа сурет салу өнерінің шарықтау шегіне жеткен кезі. Сыр бойындағы бейнелеу өнерінің тарихы осы Қаратау сілемдеріндегі жартастар бетіне қашап, ойып салынған адамдар мен жануарлар тұрпатты петроглифтерден басталады, — деді Бекболат Әбутегі.
Музей қызметкерлері Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің археология және этнография ғылыми-зерттеу орталығындағы әріптестерімен бірге 2011-2012 жылдары кешен аумағына барлау, зерттеу жұмысын жүргізді.
Нәтижесінде ескерткішке қауіп төндіріп тұрған ванадий зауытының жарылыс жолымен алатын кен орны аймағының шекараларын бекітті. Ал 2013 жылы кешен облыстық комиссия шешімімен мемлекеттік қорғауға алынды.
— Өкінішке қарай тарихи орынның, тастағы таңбалардың бүгінгі жағдайы сын көтермейді. Сол аумақтағы ванадий кен өндірісінде бұрнағы жылы жасалған жарылыс, табиғи фактор әсерінен петроглифтер салынған тастар сөгіліп, құлап, көз алдымызда құрдымға кетіп жатты. Одан бөлек егесіз орынға саяхаттап келген мәдениеті төмен туристер тастағы таңбаның үстіне аты-жөндерін шимайлап жазып, адам көргісіз жағдайға жеткізген. Жауапты орындар шұғыл қорғау шараларын қолға алмаса, 4 мың жылдық тарихы бар петроглифтерден 4-5 жылда айырылып қалуымыз ғажап емес, — деді музейдің ғылыми қызметкері.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жетісу облысының әкімдігі желіде жарияланған Ешкіөлмес петроглифтеріне қатысты кейбір ақпараттардың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеген еді.