Шығыс Қазақстан облысында ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны 24-ке жетті

Фото: Kazinform

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – ШҚО-дағы 24 ауылдың тұрғындары арақтан түбегейлі бас тартты. 

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Күршім ауданындағы Аманат ауылы «Заң мен тәртіпті ұстанатын елді мекен» бастамасына қосылды.

– Бұл шешімді жиналыста ауыл тұрғындары қабылдаған. Аманаттықтар осы бастама тыйым салуға емес, саналы таңдау жасауға негізделгенін атап өтті. Негізгі мақсат – отбасындағы тыныштықты сақтау және балалардың жарқын болашағын қамтамасыз ету, - делінген ақпаратта.

Бүгінде Аманат ауылында 213 адам тұрады. Мектепте 28 оқушы білім алады.

Ведомтсво дерегінше, өңірдегі құқық бұзушылықтардың басым бөлігі мас күйде жасалатындықтан мұндай бастамалардың алдын алу шаралары тұрғысынан маңызы зор.

Айта кетейік, осылайша Шығыс Қазақстандағы ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны 24-ке жетті. 

Еске салсақ, бұған дейін Қостанай облысында бір ауылдың тұрғындары ішімдіктен бас тартқаны хабарланған.