Бүгін Өскемендегі облыстық филармонияның концерт залында Еңбек күніне орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Оған ШҚО әкімінің атынан бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
«Түрлі мамандықта тер төгіп жүрген азаматтар облыстың, еліміздің дамуына зор үлес қосып жатыр. Әр сала қызметкерлерінің күнделікті қажыр-қайратының арқасында өңір экономикасы өркендеп келеді», - деді ол құттықтау сөзінде.
Шара барысында еңбек адамдарының арасындағы үздіктер марапатталды. Олардың қатарында темір желімдеушілер, темір жонушылар, металлургтер, азаматтық қорғау саласының ардагерлері бар. Соның бірі – облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау ардагері Иван Худяков.
«Еңбек ардагері» медалімен марапатталған ол еңбек жолын 1979 жылы қарапайым өрт сөндіруші болып бастаған. Қазір жасы 66-да.
«Әлі күнге дейін қоғамдық жұмыстармен айналысып келемін. Себебі қоғамға пайдалы болғым келеді. Мен өзімді бақытты адаммын деп санаймын. Өйткені бүкіл өмірімді сүйікті мамандығыма арнадым», - дейді Иван Худяков.
Содан соң мерекелік концерт қойылып, еңбек адамдарының құрметіне әуелетіп ән шырқалды.